Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС туралы ақпарат беретін банктер тізімін кеңейту жұмысын жалғастыруда. ForteBank-пен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қор халықпен байланыс арналарын кеңейту шеңберінде «ForteBank» акционерлік қоғамымен банктің мобильді қосымшасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпарат алу қызметтерін құру жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
ForteBank-тің әрбір клиентіне МӘМС жүйесіндегі мәртебесін, төлемдердің тұрақты түсуін тексеру мүмкіндігі беріледі. Қажетті техникалық жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.
«Қор тек сақтандырылмаған қазақстандықтарды МӘМС жүйесіне тартумен ғана емес, сонымен қатар сақтандырылған және медициналық қызмет алатын азаматтар туралы да қамқорлық жасайды. Біз азаматтардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқықтары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында кері байланыс арналарының санын көбейтудеміз», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасы төрағасының орынбасары Индира Сәркенова.
ForteBank-пен Меморандумға қол қою банктің клиенттері үшін МӘМС туралы ақпараттың қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
«ForteBank тұтынушылар үшін банктік қызметтерді ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін инновациялық шешімдерді енгізуге ұмтылады. МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеру қызметі тұтынушыларымыздың медициналық қорғау деңгейіне сенімді болуына көмектеседі. Азаматтардың хабардарлығын арттырып, өмірді жеңіл әрі ыңғайлы ететін цифрлық құралдар ұсынғанымызды мақтан тұтамыз», – деді ForteBank төлемдер бағытының басшысы Санжар Марипбеков.
Айта кетейік, қазіргі уақытта МӘМС мәртебесін қарау қызметі үш банктің қосымшаларында қолжетімді: Kaspi Bank, Halyk Bank, Центр Кредит Банкі.
Сондай-ақ, мәртебені осы әдістер бойынша тексеруге болады:
- msqory.kz ресми сайты;
- Telegram-бот (https://t.me/SaqtandyryBot);
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
- елдің 14 өңірінде МӘМС туралы ақпаратты бірыңғай анықтамалық қызмет операторлары да ұсынады (мысалы: Астана, Қызылорда, Павлодар, Көкшетау, Тараз қалаларында – 109 қызметі).



